ӘКЕ МЕН ШЕШЕ Жалғыз ұлды боп кеткен астаналық, Күте-күте барады, шаш та ағарып. Күйбең тірлік кешеді кемпір мен шал, Қазақы үйді баяғы баспана ғып. Хабар тосу, хат тосу – күндегі өмір, Кей шақтары толқиды түнде көңіл ... Қансонарда бір келер қара бала, Содан кейін келеді шілдеде бір. «Көздіқара» тұсында бір ін барын, Қасқа қойдың қасқырға жарылғанын. Қызыл қашар қысыр қап қойғанын да – Қара бала сезбейді бұның бәрін. Сағынғасын, таусылып өзге амалы, «Атырауды» жырлаған, «Боз даланы», Жалғыз ұлды газеттен көріп қалып, Бір серпіліп кемпір-шал мәз болады. –Шүкір, шүкір, – дейді шал, – Қарап өлер, Біз емеспіз. Әлігі қалада өнер, Қуып жүрген жалғыз да келіп қалар, Бала келер.., Бір келін бала келер ... «Шүкір» дейді, шал-кемпір «шүкір» дейді, Шүкірменен көңілді бүтіндейді. Шүкірменен ошағы қайта маздап, Қазақы үйдің мұржасы түтіндейді. Кешкі құрым мал жайғап келе сала, Бала-шаға жоқ үйде, оңашада. Шайын ұрттап шал болса жайғасады, Теледидар алдына – тамашаға. Өнер деген, ішінде, ат-бәйгенің, Ойқастатып өзінше шаппайды кім?! Қара шалда іздейді өз тентегін, Боқтайды мың, алайда таппайды ұлын. Кейде әуендер эфирден шалқыса үнді, Гитараны, бір сипап, алты сымды. Хат жазады сары кемпір Алматыға, «Сағындық, – деп, домбыра тартысыңды ... » ШОПАННЫҢ ЖАУЫНГЕР ҰЛЫ Жауынгердің байлығы – от арманы, Киіз үйді аңсайды ол, ат арбаны . . . Армандамай жандарал, маршалдықты, Солдат боп жүр жай ғана қатардағы. Қайтатұғын мезгілде қалды жетіп. Оралады ауылға жаз, күз өтіп, Ұлы Отанды бұл күнде күзетуде, Бір жыл бұрын жүретін мал күзетіп . . . Көз алдымда көк орман он бұралып, Көк теңізге айналар мөлдір, алып. Сосын шырқап кетеді ол «Паңкөйлекті» Шахматтың қорабын домбыра қып . . . Солдат-күндер тірлікті сырғытады, Жүрегінде көктейді жыр бұтағы. Жастығының астында жатады ылғи, Мұқабасыз МҰҚАҢның бір кітабы. Ақиқат боп көнілдің қимағаны, Жалғандыққа жас жаны қиналады. Әшімовке келеді ұқсағысы, Бекежанды ұнатпай кинодағы . . . Келер жылдың, бұйыртса, аяғында, Оралады өзі өскен мая құмға. Анасының сағынды ол алақанын, Әкесінің сағынды «таяғында». Әскер-өмір тезірек тәмәмдалса, Сүре қоймас өмірді жамандарша. Бара сала ұстайды мұрагер боп, Ақ таяғын әкенің, ... аман болса... ТАБЫЛДЫ ДОСЫМОВ (Суреттер Табылды Досымовтың жеке мұрағатынан алынды)